Түркілер Азия мен Еуропа құрлығында көптеген мемлекет құрған дара ұлт. Олардың тарихы туралы дереккөздер алғашқы түркі мемлекетін біздің дәуірден бұрынғы VII-ғасырда сақтардың құрғандығынан сыр шертеді. Демек түркілердің үш мың жылдық тарихы бар екені күмәнсіз.

Түркілер Азия мен Еуропа құрлығында көптеген мемлекет құрған дара ұлт. Олардың тарихы туралы дереккөздер алғашқы түркі мемлекетін біздің дәуірден бұрынғы VII-ғасырда сақтардың құрғандығынан сыр шертеді. Демек түркілердің үш мың жылдық тарихы бар екені күмәнсіз. Ежелгі түркі тарихы туралы зерттеулерімен танымал Стамбұл университетінің профессоры Абдулқадір Доныктың “Тарихта бой көрсеткен түркі мемлекеттері” атты зерттеуіне қарағанда түркілер бүкіл тарих бойынша үлкенді-кішілі 110 мемлекет құрған екен. Осы мемлекеттердің өмір сүрген мерзімдеріне қарағанда Қазақ хандығы 110 мемлекет ішінде ең ұзақ уақыт билік құрған төртінші мемлекет ретінде ерекшеленуде. Ал түркі тарихында төрт ғасырға жуық және одан көп уақыт өмір сүрген мемлекеттердің саны төртеу. Солардың бірі де бірегейі –  іргетасын 1465 жылы Жәнібек пен Керей хан құрған және соңғы ханы Кенесары Қасымұлының дүние салуымен 382 жылдық билігі аяқталған – Қазақ хандығы.

Түркі мемлекеттері ішінде ең ұзақ билік құрған бірінші мемлекет – 1299-1922 жылдары аралығында 623 жыл өмір сүрген Осман империясы, екінші мемлекет 1500-1920 жылдары арасында 420 жыл өмір сүрген Бұхара хандығы, үшіншісі 1512-1920 жылдары арасында 408 жыл өмір сүрген Хиуа хандығы.

Билік уақыты тұрғысынан алғанда Қазақ хандығының көптеген әйгілі түркі мемлекеттерінен алда болғаны байқалады. Мәселен Мөде хан тұсында айбынды мемлекетке айналған Азия ғұндары біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың басынан біздің заманымыздағы 48 жыл арасында 348 жыл, сұлтан Бейбарыс уақытында күшті мемлекетке айналған мәмлүктер 1250-1517 жылдар арасында 267 жыл, белгілі қолбасшы Бату хан іргесін қалаған Алтын Орда 1242-1502 жылдар арасында 260 жыл, іргетасын Бумын қаған мен Истеми ябғұ құраған және Орхон жазба ескерткіштерін түркілерге құнды мұра ретінде қалдырған, көктүріктер деп аталып жүрген Түркі қағанаты 552-744 жылдар арасында небары 192 жыл, ал әйгілі көсемі Аттила Парижге дейін үрей салған Еуропа ғұндары болса 120 жыл-ақ өмір сүрген екен.

Демек, Қазақ хандығы бірқатар әйгілі түркі мемлекеттермен салыстырғанда, әлдеқайда ұзағырақ, атап айтқанда төрт ғасырға жуық ұзақ билік құруымен түркі, тіпті әлем тарихында алдынғы қатарлы орынға ие болған. ХХ ғасырда, екі полярлық әлемде екі ұлы күштің бірі болып, қылышынан қан тамып тұрған Кеңес Одағының өзі бір ғасырға жетпей, 74 жылда құлағанын ескергенде бір мемлекеттің төрт ғасыр өмір сүруінің қандай үлкен жетістік екендігі нақтылана түседі. Қазақ хандығы төрт ғасырдай ұзақ өмір сүргендігімен ғана емес, сонымен қатар 3 миллион шаршы метрдей ұлан-ғайыр жерді ғасырлар бойы қорғап қалуымен де ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде Қазақ хандығының әлемде өзіндік орны бар ұлы мемлекет екенін әйгілейді.

Өкінішке қарай, осынау ұлы мемлекеттің тарихы ұзақ жылдар бойы толық зерттеліп, өзінің төл ұрпақтарына дұрыс көрсетілген жоқ. Оның барлық қыр-сырын ашып көрсетуге күш жұмсаған Санжар Асфендияров, Ермұхан Бекмаханов сынды тарихшылар қуғындалып, ауыр жазаларға ұшырады. Қазақ халқының санасына ұлы мемлекеті болмаған, тау мен тастың арасында қалай болса солай көшіп-қонып мал бағып күн көріп жүрген мәдениетсіз, мемлекетсіз жабайы халық екендігі жөніндегі жаңсақ ұғымды сіңіруге күш жұмсалды. Бірақ қазақ жазушылары мұндай жабайы саясатқа мойынсұнған жоқ. Олар тарих беттерінде айтылмаған шындықтарды әдебиет пен көркем өнер арқылы айтты. Сөйтіп олар аталарының қазақ хандығы сияқты ұлы мемлекет құрғандығын қазақ жастарының санасына сіңіруге тырысты. Осы орайда Іляс Есенберлиннің Қазақ хандығының құрылуы, асқақтауы және құлдырауы кезеңдерін баяндаған “Алмас қылыш”, “Қаһар” және “Жанталас” атты үш томдық романын атап өтуге болады. Осындай романдар арқылы ұлы істер атқарған аталарын таныған қазақ жастары 1986 желтоқсан айында бұлқынғанда Кеңес Одағының темір шынжырлары босап, шаңырағы шайқалып, халықтар түрмесінің есігі ашылды. Сөйтіп олар Кеңестік империяның бұғауындағы халықтарды оятып, егемендіктерін алуына жол ашты.

Қорыта айтар болсақ, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының кең көлемде аталуы қай тұрғыдан алсақ та орынды. Төрт ғасырға жуық өмір сүрген мемлекет әр халықта кездесе бермейді. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ халқы бақытты халық. Екіншіден, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан мемлекетін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәңгілік Ел” жасау идеясын іске асыратын күш-жігерді қазақ жастары Қазақ хандығы іспетті ұлы мемлекет құрған аталарының рухынан таба алады.+

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры
http://turkystan.kz/tarih/7566


Powered by OrdaSoft!