Қорқыттың ажалдан қашқанына сенесіз бе? Өз басым сенбеймін. Керісінше, Қорқыт өлімді іздеді. Өлімнен тек өресі тар пенде ғана қорқады. Өлім мәңгілік емес пе?! Осы бір сөз адамды шошындыратыны несі екен? Мүмкін, «Әлдиле, өлім, әлдиле» деп жырлаған Мағжанды жындыға балайтын шығарсыз?! Айтпақшы, бұл өлең неден туып еді? Мағжанға «Өлім күйі – тәтті күй» дегізіп отырған қандай күш һәм қандай күй?

Мағжанның еліктегіш ақын екенін айтып жүрміз. Экспериментке көп барған шайыр. Орыс символистерінің сарынында өзінше қалып жасаған – Мағжан. Мәселен, Александр Блоктың «Стихи о прекрасной даме» өлеңін негізге алып жазған туындысы.
«Әдемі әйел» – идеал,
«Әдемі әйел» – бір қиял.
Блоктың басын байлаған
«Әдемі әйел» – бір гүл,
Блок – бір бұлбұл», – деп жырламай ма? «Біраз Фетше» деген өлеңі де бар. Ал біз айтып отырған «Мені де, өлім, әлдиле» Константин Бальмонттың «Смерть, убаюкай меня» өлеңі негізінде жазылған. Салыстырып көрейік. Бальмонт:
«Смерть, убаюкай меня
Жизнь утомила меня.
Смерть, наклонись надо мной!
В небе – предчувствие дня,
Сумрак бледнеет ночной…
Смерть, убаюкай меня», – деп жырласа, Мағжан:
«Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,
Жел бұйығып тербелген.
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін,
Әңгіме ғып күңіренген
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге,
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..» – деп өреді өлеңін. Бұл еліктеу ғана ма? Жоқ, ақынды «Әлдиле, өлім, әлдиле» дегізген – оның тағдыры. Жалпы, Мағжанның бар шығармашылығы «Шолпан» кітабында жатыр. Шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бермеді. Бермеген – билік. Абақтыдан абақтыға көшіп жүрді емес пе? Бұл өлеңді де сол жас кезінде жазған. Жары Зейнеп пен ұлы Гражданның ажалы әсер етпей қойған жоқ ақынға. Мағжан Зейнеппен мұғалімдер семинариясын тәмамдар алдында шаңырақ көтереді. Бірақ арада екі-үш жыл өтер-өтпесте әйелінен көз жазып қалады. 1919 жылдың 10 ақпаны күні Зейнеп баладан қайтыс болады. Баласы Граждан аман қалғанымен, екі жасқа толар шағында ол да бақиға аттанады. Оның қайғысы өлең болып төгіледі. Бұл өлең – Бальмонттың аудармасы да емес. Өйткені онда ақынның тағдыры жатыр емес пе?! Өлім – мәңгілік тақырып. Журналист Әсия Бағдәулетқызы өлім тақырыбында жазылған өлеңдер жайлы мақаласында былай дейді: «О баста Еуропадағы «өлім биі» ақындардың жанына үрей себетін. Келе-келе өлімге ғашық болатын Вийон шықты. «Өлім зұлымдықтан құтқарады» деген Бодлер болды. Өлімді «қалыңдық» деген «күміс ғасырының» тарланбоздары келді. Мағжан солардың бәрін оқыған, кейбірімен тең тұрған, кейбірінен озған. Әуезовтің ол туралы: «Мағжан – культурасы зор ақын», – дегенде меңзегені де сол еді». Өлімді жырлау әлсіздік пе? Жоқ, парасаттылық. Бірі «өлім – ұлы математик» десе, бірі «Өлім ешкімді қумайды, күтіп алады» дейді. Бұл тақырып ешқашан тоқтаған емес. Дегенмен «өлім тақырыбындағы өлең қазақтың дүниетанымына келмейді» дейтіндер де бар. Оқырманның пікірі. Сонда өлімнің ұлты болғаны ма? Мәселен, Танакөз Толқынқызының өлеңі біраз оқырманның наразылығын тудырған екен. Танакөз ақын былай деп жырлайды:
«Өлгім келеді! Өлгім келеді!
Тек сені ғана көргім келеді!
Қаңғырып жүрмін, қарашы маған
Қажет пе саған желдің дерегі?».
Жылауық поэзия деп жүр ғой. Соның бір түрі осы өлең депті. Меніңше, өлімді еске алмау – құдайсыздықтың бір белгісі.
«Под каждым климатом, у каждой грани мира,
Над человеческой ничтожною толпой,
Всегда глумится Смерть, как благовонья мира,
В безумие людей вливая хохот свой!» – дейді Бодлер.
Ал:
«Адамзат бүгін – адам, ертең – топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ», – деп жырлаған Абай емес пе?! Өлім туралы жазу – пессимизм емес, реализм. Жазушы Брони Уейрдің «Өлім аузында жатқан жандардың бес өкініші» атты кітабы бар екен. Бұл кітапты жазу үшін ол сегіз жыл бойы өлім аузында жатқан жандарды күтуші болып қызмет атқарған. Нәтижесінде сұхбатында адамның қандай бес өкініші болатыны туралы айтып берген. «Мен ұшырасқан ғаріптердің көпшілігіне мынадай хәл тән еді: олар өзге адамдар мен қалаған өмірді емес, мейлі ол отбасы, туыстары, достары не қоғам болсын, өздері ақиқат деп таныған өмірді сүргенде ғой деп өкінеді. Одан бөлек лайықты еңбек етпедік деп өкінеді. Осының бәрі – орта тұсты ұстанбағаннан туған проблема. Олар жанталасып жұмыс істейді де, зейнетке шыққан соң қалауымша өмір сүрем деп үміттеніп жүре береді. Алайда көп адам олай жасай алмайды. Үшіншісі – басқа адамдармен қарым-қатынаста сезімдерін батылырақ білдірмегеніне өкінеді. Бұл түрлі жағдайға байланысты болуы мүмкін. Кей кезде олар отбасындағы бала-шағасын жақсы көретінін ашық айтуға жол таппадық дейді. Бірақ кейбір адамның өкініші басқаша. Олар өздерін қорғау үшін пікірін ашық айтпағандарына өкінеді. Өздеріне деген құрметін сақтап қалу үшін ойларын ашық жеткізуіміз керек еді деп таусылады. Енді біреулері достарымен қарым-қатынасын үзіп алғандарына өкініп, өлім алдында жандарын жеңілдететін достық қолдауды сағынады. Өкініштің осындай түрі өте көп кездеседі. Енді бір адамдар таңдау еркінің бақыт екенін ертерек түсінгенде ғой деп өкінеді. Ондайлар – көбіне таңдау еркін пайдалана алмаған жандар», – дейді жазушы. Аталған өкініш, меніңше, өлімді құрметтемей келген жандарға қатысты. Өлімді құрметтейтін адам ешқашан өкінбейді деп ойлаймын. Мағжанның да өкінбегеніне сенімім мол. Ал сіздің өліммен қарым- қатынасыңыз қандай? Ойланып көрдіңіз бе?

Ерболат ҚУАТБЕК

Powered by OrdaSoft!