Дүние қызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың,
Топырақ жүзiн жасырды.

Өткiзiп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.

Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым.
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды-ау саңлағым.

Семейде болып сенделдiм,
Ертiсте болып емделдiм.
Қасiретiңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдiм.

Нарында болып ұлыдым,
Аралда болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын.

Төрi ме деп жұмақтың,
Дүние сенi ұнаттым.
Асанқайғыны зарлатып,
Яссауиды жылаттың.

Кесiле жаздап тiлiм-ей,
Үзiле жаздап дiлiм де.
Қиямет қайым жолдармен,
Тұралап жеттiм бүгiнге.

Тағдырдың шәлкес сұрағы-ай,
Көңiлде күй боп тұр әлi-ай.
Бөлiнiп қалған даламнан,
Бейiттер үнсiз жылады-ей.

Дүние-ай, сенi нетермiн?!
Мен-дағы бiр күн өтермiн.
Керуен де керуен ұзаған,
Бабаларыма жетермiн.

Дүние-ай, сенi нетермiн,
Көз жұмар мәңгi жетер күн.
Сайын да сайын даламды,
Кiмдерге тастап кетермiн?!

Жүрегiн жаудың қақ тiлген,
Алшайтып тұрып ат мiнген.
Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен.

Көзiмде мұңның табы бар,
Ернiмде шөлдiң зары бар.
Жетiм ботадай боздадым.
Сөз ұғар бiреу табылар.

Алдыма түстi-ау жабылар,
Жабылардан да жалығар.
“Қазақтың зарын айтты-ау" деп,
Менi де жоқтар, сағынар.



Слушать радио Uzbek_4U


Powered by OrdaSoft!